Атыраулық полицейлер мерекеге орай салтанатты шара ұйымдастырды
Атыраулық полицейлер ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай салтанатты шара ұйымдастырды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Атырау облысы Полиция департаментінің қызметкерлері 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күні мерекесі күнін атап өтті. Құрманғазы атындағы мәдениет үйінде өткен салтанатты шараны Атырау облысы Полиция департаментінің бастығы Қамза Үмбетқалиев құттықтау сөзімен ашты.
– Құрметті ардагерлер, әріптестер, баршаңызды Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 30 жыл толу мерекесімен құттықтаймын. Ынтымақты ұран, татулықты ту еткен бейбіт халқымыз осы уақыт аралығында толағай табыстарға жетті. Тәуелсіздік жылдары ішкі істер органдарының қызметкерлері – бүгінгі ардақты ардагерлеріміз құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуде өздеріне жүктелген күрделі қызметтік міндеттерді абыроймен орындап, еліміздің егемендігін қорғау жолында ел қауіпсіздігі мен тыныштығын күзет етуде адал қызмет атқарды. Осы жылдар ішінде өз өмірлерін ел мүддесі мен ұлттық асыл мұратты жоғары қойып, қызмет бабында қаза тапқан ержүрек қызметкерлеріміздің ерлік істері ешқашан ұмытылмайды. Олар өмірлеріне төнген қауіпке қарамастан, адал қызмет үлгісін көрсете білді. Қыршын кеткен әріптестеріміздің есімдері ешқашан ұмытылмайды, біздің мәңгі жадымызда. Ішкі істер органдары құқықтық мемлекетке жүктелген міндеттерді жоғары деңгейде атқаруда. Полиция қызметін заманауи жабдықтармен қамтамасыз ету мемлекеттің ұдайы назарында. Атырау облыстық әкімдігімен Полиция департаментінде зор қолдау көрсетілуде. Сындарлы саясат нәтижесінде жаңа сервистік үлгіге көшкен полиция бұдан былай да бұқарамен бірлескен бірлескен түрде нәтижелі жұмыс атқарады, – деді Атырау облысы Полиция департаментінің бастығы Қамза Үмбетқалиев.
Сонымен қатар Атырау облысы әкімінің орынбасары Қайрат Бекенов Ішкі істер органдарының ардагерлері, қызметкерлерін және олардың отбасы мүшелерін Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетовтың атынан Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 30 жыл толу мерекесімен құттықтады.
Мерекелік шара барысында Ішкі Істер органдарына айрықша үлес қосып жүрген тәртіп сақшылары ҚР Ішкі Істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың және Атырау облысының әкімі Махамбет Досмухамбетовтың құттықтау хатымен марапатталды.