Тәуелсіздік күні қарсаңында ерекше көзге түскен елордалық полиция қызметкерлері марапатталды
Тәуелсіздік күні қарсаңында ерекше көзге түскен елордалық полиция қызметкерлері марапатталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Карантин шараларын қатаң сақтай отырып, Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаментінің бастығы Ержан Сәденов ішкі істер органдарының ардагерлері мен елордалық полиция қызметкерлерін мерекемен құттықтады.
ҚР Ішкі істер министрінің бұйрығына сәйкес қызметтік міндеттерін адал атқарғаны, жұмыста жоғары нәтижелерге қол жеткізгені үшін және Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай қызметте ерекше көзге түскен полицейлерге медальдар, грамоталар және алғыс хаттар табыс етілді.
«Елордамыз еліміздің үздіксіз дамуының символы болып табылады. Бізге қоғамдық тәртіпті сақтау және еліміздің бас қаласы Нұр-Сұлтанда қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша үлкен жауапкершілік жүктелген. Тәуелсіздік жылдары барысында елордалық тәртіп сақшылары ерлік пен батылдық танытып, денсаулықтарын ғана емес, азаматтарымыздың бейбіт өмірі үшін өз өмірлерін қатерге тігіп, көптеген ерлік істер жасады», – деді Ержан Сәденов.
Нұр-Сұлтан қаласы ПД Айдауыл қызметі взводының полицейі Ербол Қалақов, Патрульдік полиция полкінің инспекторы Ардан Рысбеков «Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін» медалімен марапатталды. Тылдық қамтамасыз ету басқармасының полиция аға сержанты Нұритден Әлиев, «Алматы» ауданы Полиция басқармасының старшинасы Нұрлыбай Сағындықов II дәрежелі «Ішкі істер органдарының үздігі» төсбелгісімен марапатталды. Қабылдау-тарату орнының полицейі Мамадияр Тастаев, Жергілікті полиция қызметі басқармасының инспекторы Нұрсұлтан Рымбаев ІІМ грамотасымен марапатталды.
Сонымен қатар, Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаменті бастығының бұйрығымен ішкі істер органдарының ардагерлері мен елордалық полицияның үздік қызметкерлері марапатталды.