Дархан Қасымханов: «Тәуелсіздік құрдасы болғанымды мақтан тұтамын»
Тәуелсіздік құрдасы, елордалық полиция қызметкері өз жұмысы туралы айтып берді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Еліміз Тәуелсіздікке қол жеткізген 1991 жылы дүние есігін ашқан нәрестелер бүгінде 30 жасқа толып отыр. Солардың бірі – Нұр-Сұлтан қаласы «Сарыарқа» АПБ учаскелік полиция инспекторы Дархан Қасымханов.
Дархан 1991 жылдың желтоқсан айының 11 күні Қостанай облысы Жангелдин ауданы Сужарған ауылында дүниеге келген. Бала жасынан тергеуші болып қызмет атқарған әпкесінің форма киіп жүргенін көрген ол өскен кезде қандай мамандық иесі атанатынын саналы түрде таңдаған.
Кеудесінде патриоттық сезімі басым жігіттің отанға деген сүйіспеншілігі ерекше.
– «Тұран-Астана» университетін тәмамдап, 2015 жылдан бастап Ішкі істер органдарында қызмет атқарамын. Алты жылдан бері көптеген бөлімдерде қызмет атқарып келемін, оның ішінде – тергеу бөлімі, жедел басқару орталығы, ювеналды полиция бөлімі. Қазіргі таңда учаскелік полиция қызметіндемін, – дейді полиция капитаны.
Бос уақытта футбол ойнағанды ұнататын полицей спортқа жақын.
– Студент шақтарда да спортзалдан шықпайтынмын, – деп жалғастырды ол сөзін.
Елі үшін адал қызметте жүрген Дархан тамыз айында отау құрды. Полиция жұмысының оңай еместігін білетін жары оған үнемі қолдау көрсетеді.
– Ұлық мереке – Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен шын жүректен құттықтаймын. Тәуелсіздігіміздің тұғыры биік болғай! – деді Дархан Қасымханов.