Қызылордада полицейлер 76 аң аулау қағидаларын бұзу дерегін анықтады
Қызылордада полицейлер 76 аң аулау қағидаларын бұзу дерегін анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
1-31 желтоқсан аралығында облыс көлемінде «Киік» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде. Іс-шараның мақсаты – табиғатты қорғау заңнамасын бұзушылықтарды, биологиялық ресурстар объектілері мен өнімдерінің заңсыз айналымының алдын алу, анықтау.
Іс-шараға арнайы мобильдік топ құрылып, жұмылдырылды. Облыс бойынша барлығы 76 заң бұзушылық анықталды.
Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 382-бабының 1-бөлігімен (Аң аулау ережелерін бұзғаны) үшін 75 азаматқа қатысты әкімшілік шара көрілді. Сонымен қатар ҚР қылмыстық кодексінің 337-бабы 1-бөлігімен бір қылмыстық іс анықталып, тергеп-тексеру әрекеттері жүргізілуде.
Мысалы, Қызылорда облысы Жаңақорған ауданы Кейден ауылының батыс жақ беткейінде орналасқан “Қара сопы” деп аталатын жерде түнгі уақытта тәртіп сақшылары жабайы қояндарды заңсыз аулаған Жаңақорған ауданының үш тұрғынын ұстады. Заттай дәлелдеме ретінде браконьерлерден 12 калибрлі екі аңшылық мылтық, прожектор алынды.
Қазіргі таңда аталған заңсыз аңшылық дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру әрекеттері жүргізілуде. Оқиғаның барлық мән-жайы анықталуда.
– Полиция департаменті аң және балық аулау талаптарын бұза отырып, қоршаған ортаға елеулі зиян келтіру әрекеттері Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тартуға әкеліп соқтыратын ескертеді. Егер сізде браконьерлік жағдайлары туралы қандай да бір ақпарат болса, дереу полицияның “102” нөміріне хабарласыңыз, – дейді Қызылорда облысы Полиция департаментінің бастығы Сұлтан Бектөре.