Екібастұз тұрғыны пиротехникалық заттарды сатқаны үшін жазаланды
Павлодар облысының тұрғыны пиротехникалық заттарды сатқаны үшін жазаланды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Instagram әлеуметтік желілеріне мониторинг жүргізу кезінде пиротехникалық бұйымдарды тарату және сату бойынша аккаунт анықталды.
– Тексеру барысында Екібастұз қаласының полициясы қауіпсіздік талаптарына сәйкес келмейтін пиротехникалық бұйымдарды сатқан 30 жастағы қала тұрғынын анықтады. Сондай-ақ полиция петардаларды тиісті құжаттарсыз сату, сақтау және сату ережелерін бұзу фактісін тіркеді. Сатушыға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 196-бабы бойынша әкімшілік іс қозғалды, 25 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды. 13 дана пиротехникалық заттар комиссиялық тәртіпте жою үшін тәркіленді, – деді Павлодар облысы Екібастұз қаласының әкімшілік полициясының бастығы Қанат Кәрімжанов.
Естеріңізге сала кетейік, пиротехникалық өнімдерді сату орындарын тексеру бойынша рейдтік іс-шаралар 2021 жылғы 15 желтоқсанда басталып, 2022 жылғы 3 қаңтарға дейін жалғасады.
– Жыл сайын, жаңа жыл қарсаңында, пиротехникалық өнімдерді дұрыс пайдаланбау нәтижесінде жазатайым оқиғалар орын алады. Зардап шеккендердің үлкен пайызы балалар мен жасөспірімдер, – деп атап өтті полицияда.