Ақтөбе облысында жол апаты болды: 2 адам ауруханаға жеткізілді
Ақтөбе облысында болған жол апатынан екі адам зардап шекті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ағымдағы жылдың 19 желтоқсанында сағат 11:40 шамасында Лада Гранта автокөлігінің 29 жастағы жүргізушісі Қобда ауылы жағынан Ақтөбе қаласы Қобда ауданы Әлия кентінің маңында «Самара-Шымкент» автожолының 653 шақырымында жүріп, басып озған кезде бұл маневр қарсы бағытта келе жатқан көлік құралдарына кедергі келтірмейтініне көз жеткізбей Қырғызстан Республикасы азаматының басқаруындағы VOLVO FH-25 автокөлігімен соқтығысуға жол берген.
ЖКО салдарынан Лада Гранта автокөлігінің жүргізушісі мен 26 жастағы жолаушысы Ақтөбе қаласының Жедел медициналық жәрдем ауруханасына жеткізілді.
Осыған байланысты Ақтөбе облысының Полиция департаменті жол қозғалысына қатысушыларды жол жүру ережелерін қатаң сақтауға шақырады.