Көкшетауда ер адам дүкендерде бөгде адамның картасымен төлем жасаған
Көкшетауда ер адам дүкендерден алған тауарды бөтен адамның картасымен төлеген, – деп хабарлайды Polisia.kz.
22 желтоқсанда Көкшетау қаласы Полиция басқармасының кезекші бөліміне облыс орталығының 27 жастағы тұрғыны жүгінді. Әйел қоғамдық көлікте өзіне тиесілі банк картасын жоғалтқанын хабарлады.
Кейін жәбірленушінің телефонына қаланың түрлі сауда нүктелеріндегі сатып алулар туралы хабарламалар түсе бастады. Шығын сомасы 44 мың теңгені құрады.
Есепшотының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін барлық қажетті шараларды қолдана отырып, өтініш беруші полицияға жүгінді.
Криминалдық полиция бөлімінің қызметкерлері қажетті жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізді, нәтижесінде күдіктінің жеке басы анықталды. Ол 34 жастағы жергілікті тұрғын болып шықты.
Аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің 188-бабы 1-бөлігі (Ұрлық) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.