Қостанайлық полицейлер автокөлік жүргізушісінен тапанша тәркіледі
Қостанайлық полицейлер автокөлік жүргізушісінен тапанша тәркіледі, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қостанай облысы комендантының өкіміне сәйкес Қостанай өңірі шекараларының периметрі бойынша Ақтөбе, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды облыстарымен республикалық және облыстық маңызы бар автожолдарда жеті блок-бекеті, сондай-ақ Қостанай қаласы шекараларының периметрі бойынша жеті блок-бекеті қойылды.
Төтенше жағдайлар кезінде блок-бекеттерде 12 164 автокөлік, соның ішінде тәулікте 2 563 автокөлік тексерілді.
7 қаңтарда Сарыкөл ауданындағы блок бекетінде 1991 және 2001 жылы туған екі жүргізушінің басқаруымен Toyota Land Cruiser және Toyota Camry екі автокөлігі тоқтатылды, олар полиция қызметкерлерінің заңды талаптарына бағынбай, түнгі уақытта облыс орталығына қарай қозғалуды жалғастырған. Полиция автокөліктерді Сарыкөл ауылының маңында ұстады. Әр көлікте бір жолаушыдан болған.
Қазіргі уақытта барлығы төтенше жағдай тәртібін бұзғаны үшін бес тәулік мерзімге әкімшілік қамауға алынды.
9 қаңтарда Қостанай-Рудный автожолының блок-бекетінде Ресей Федерациясы азаматының басқаруымен ресейлік есептегі Lada автокөлігі ұсталды, тексеру барысында одан нөмірі жоқ пневматикалық тапанша табылып, тәркіленді. Сараптама тағайындалды.
Жүргізуші төтенше жағдай тәртібін бұзғаны үшін 12 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.