Қызылордалықтар тәртіп сақшыларына алғыстарын жеткізуде
Қызылордалықтар тәртіп сақшыларына алғыстарын жеткізуде, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Төтенше жағдайда Қызылорда қаласын бүлікшілерден сақтап қалу үшін аянбай еңбек етіп, ерлік көрсетіп, антына адалдық танытқан полицейлерге жергілікті тұрғындар алғыстарын айтып, ризашылықтарын білдіруде.
Мемлекет басшысы 2020 жылдағы Жолдауында учаскелік инспекторлардың мәртебесін заңнамалық тұрғыда көтеріп, оған нәтижелі жұмыс істеу үшін мүмкіндік жасау және олардың азаматтарға қолжетімді және беделді болуы керек екеніне ерекше тоқталған болатын. Жұмысын ашық жүргізіп, халықтың сеніміне ие болу әрбір учаскелік полиция инспекторының мақсатына айналғанда ғана жұмыс нәтижесі артып, «халыққа жақын полиция» қағидаты қоғамда көрініс табары анық.
«Халыққа жақын полиция» қағидатын өзіне мақсат тұтқан қызметкерлердің бірі – учаскелік полиция инспекторы Ержан Өмірзақов.
– Антына адалдық танытқан сақшыларға дән ризамыз. Осы ретте, №4 учаскелік пунктінің аға лейтенанты Ержан Өмірзақовға айтар алғысымыз шексіз. Қаламыздың жағдайы қалыпқа түскенде өз алғысымызды білдіргіміз келеді. Осы азаматтардың арқасында қаламыз қазір қауіпсіз әрі тыныш. Күнделікті өмірде полицейлердің бізді әрдайым қорғап жүретініне нық сеніп, өзімізді және жанұямыз үшін қауіпсіз сезінеміз. Осы орайда тәртіп сақшылардың жұмыстарына табыс, отбасыларына амандық тілейміз. Аспанымыз ашық, бейбіт өмір бола берсін, – деп жергілікті тұрғындар алғысын айтты.