Атырауда көлік басқару құқығынан айырылса да, көлік тізгіндеген әйел анықталды
Атырауда көлік басқару құқығынан айырылса да, көлік тізгіндеген әйел анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Атырау қаласы аумағында республика көлемінде өтіп жатқан “Құқықтық тәртіп” жедел-профилактикалық іс-шарасы кезінде патрульдік полиция қызметкерлері көлік жүргізу құқығынан айырылса да, қайта көлік тізгіндеген бес жүргізушіні анықтады.
Мәселен, 19 қаңтар күні сағат 22:00 шамасында Абай-Уәлиханов көше қиылысы тұсынан патрульдік полиция қызметкерлерімен Toyota Camry автокөлігі тоқтатылып, тексеріс барысында 28 жастағы жүргізушінің бұрын-соңды көлік басқару құқығынан айырылғандығы анықталды.
28 жастағы әйелдің көлігі арнаулы тұраққа қойылып, оған қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 612-бабының 3-бөлігімен (Көлiк құралын басқару құқығынан айрылған жүргiзушiнiң көлiк құралын басқаруы) әкімшілік хаттама жасақталып, жинақталған іс-құжаттар әкімшілік сотқа жолданды.
Енді ол 50 айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл төлеуі немесе он тәулік мерзімге әкімшілік қамаққа алынуы мүмкін.
Айта кетейік, былтыр дәл осындай құқық бұзушылықты жасаған 200-ге жуық жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылған болатын.