Қарағанды облысында қарттар үйінен кір жуғыш машинасын ұрлаған екеу ұсталды
Қарағанды облысында қарттар үйінен кір жуғыш машинасын ұрлаған екеу ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
12 қаңтар күні Осакаров аудандық полиция бөліміне аудандағы қарттар үйінен белгісіз біреулер өнеркәсіптік кір жуғыш машинасын ұрлап кеткені туралы хабарлама түсті. Келтірілген шығын көлемі 600 мың теңгені құраған. Оқиға орынына жедел тергеу тобы жіберілді.
Ұрланған заттардың көлемі мен ауқымын назарға алған полицейлер күдіктілердің бұл заттарды қалай әкеткеніне болжам жасалды. Куәгерлерден жауап алу барысында ұрлық болған күні қарттар үйіне бірнеше автокөлік келгені белгілі болды.
Криминалдық полиция қызметкерлерімен жүргізілген жедел-іздестіру іс-шаралары барысында осы іске қатысы бар деген күдікпен 44 және 52 жастағы қос азамат ұсталды. Жауап алу барысында ұрлық болған күні күдіктілер қарттар үйіне азық-түлік апарғанын және кетер кезде олардың іс-әрекетін ешкім байқамағандықтан, кір жуғыш машинаны салып әкеткені туралы мойындады.
Аталған факті бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 188-бабына (Ұрлық) сәйкес қылмыстық іс қозғалды, тергеу амалдары жүргізілуде.