Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

«Қайтарымсыз қаржы шығарып беремін»: Шымкентте 6 тұрғынды алдап соққан әйел ұсталды

Шымкентте алты тұрғынды алдап кеткен әйел құрықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Әл-Фараби ауданы Полиция басқармасына жергілікті тұрғын арызданған. Оның айтуынша, қаладағы әсемдік салонында кездескен бейтаныс әйел кәсіп бастау үшін мемлекеттік бағдарлама арқылы қайтарымсыз 680 мың теңге шығарып беремін деп сендірген. Сондай-ақ, құжаттарды рәсімдеу үшін 50 мың теңге қажеттігін айтып, есепшотына аудартып алған. Алайда уақыт өте әлгі әйел уәдесінде тұрмай, телефон қоңырауларына жауап бермеген.

Тәртіп сақшылары аталған жайтты ҚР ҚК-нің 190-бабымен (Алаяқтық) тіркеп, жедел-іздестіру шараларына кірісті.

Әл-Фараби АПБ-ның тәжірбиелі тәртіп сақшыларынан жедел-тергеу тобы құрылып, істің ақ-қарасын ажыратуға кірісті. Нәтижесінде, полицейлер тұрғынды алдап, ақшасын иемденген күдікті әйелді қала аумағынан ұстап, басқармаға жеткізді. Ол 43 жастағы жергілікті тұрғын болып шықты. Тергеу барысында белгілі болғандай, ұсталған әйел иемденген қаражатты өзінің бас пайдасы үшін жұмсап жіберген.

Сондай-ақ, шымкенттік полицейлер ұсталған азаматшаның тағы бес тұрғыннан алаяқтық жолмен ақша алғанын анықтады. Яғни, оларға да қайтарымсыз қаражат шығарып беремін деп жалған сөздерімен сендірген. Содан тұрғындардың әрқайсысынан 50 мың теңге көлемінде ақша алған. Шығын көлемі – 300 мың теңге шамасында. Бұл ретте арызданушы тұрғындар өз ақшасын қайтарып алу мақсатында полицияның көмегіне жүгінді.

Қазіргі таңда ұсталған әйелге қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру