Түркістан облысында мас жүргізуші жол-көлік оқиғасын жасап, қашып кеткен
Түркістан облысында мас жүргізуші жол-көлік оқиғасын жасап, оқиға орнынан қашып кеткен, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қазығұрт аудандық полиция бөліміне тұрғындардың бірінен хабарлама келеді. Онда күндізгі сағат 13:00 шамасында Қазығұрт ауданының тұсында Алматы-Термез тас жолының 759 шақырымында жол-көлік оқиғасы орын алғандығы туралы көрсетілген. Ақпарат алған бетте тәжірибелі полицейлерден құралған жедел-тергеу тобы оқиға орнына небары 10 минутта жетіп барды.
Тексеру барысында полицейлер ішінде әйелі мен 5 жасар баласы бар Hyundai Accent автокөлігінің жүргізушісі Сарыағаш бағытында келе жатқан кезінде артқы жағынан Mercedes Benz автокөлігін соғып, жол-көлік оқиғасын жасағанын анықтады. Жол-көлік оқиғасы салдарынан Hyundai Accent автокөлігі жолдың шетіне шығып кетіп, аударылған. Көлік жүргізушісі мен әйелі түрлі дене жарақатымен Қазығұрт ауданы орталық ауруханасына жеткізілді. Ал Mercedes Benz автокөлігі оқиға орнынан қашып кеткен.
Тәртіп сақшылары оқиға орнын мұқият тексеріп, күдіктіні анықтау мақсатында түрлі іс-шараларды жасады. Нәтижесінде жол бойында орналасқан бейнебақылау камерасының көмегімен оқиғаға себепкер автокөлікті шамамен 15 шақырымдық қашықтықта қашып бара жатқан жерінен ұстады. Полиция қызметкерлері Merсedes Benz автокөліктің иесінің мас халде болуына күдіктеніп, медициналық сараптама тағайындады. Сараптама қорытындысымен жүргізушінің мас халде көлік басқарғаны белгілі болды.
Merсedes Benz жүргізушісіне қатысты ҚР ҚК-нің 345-1-бабымен (Алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде көлік құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлік құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы) сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Осы тұста айта кететін жайт Hyundai Accent көлігінің жүргізушісіне келтірілген шығын көлемі 9 млн теңге.