Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

ШҚО полицейлері қаруды сақтау ережелері туралы айтып берді

ШҚО полицейлері қаруды сақтау ережелері туралы айтып берді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Шығыс Қазақстан облысының Полиция департаменті «Жекелеген қару түрлерінің айналымына мемлекеттік бақылау жасау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес тіркелген қаруды сақтау қатаң түрде қару иесінің тұрғылықты жері бойынша жүзеге асырылатынын еске салады. Бұл ретте еденге немесе қабырғаға мықтап бекітілген, қабырғаларының қалыңдығы 3 мм. кем емес және есікке міндетті ішкі құлпы бар металл сейфте сақталады.

Әкімшілік бағыныстағы қалалар мен кенттерде қару иесінің тұрақты тұратын орны (пәтер, жеке үй) электр желісінен және қосалқы электр қорек көзінен тұрақты сертификатталған күзет жүйесімен (дабыл белгісін иесінің немесе оның отбасы мүшелерінің ұялы телефонына беру мүмкіндігі бар сигнализация) жабдықталады.

– Осыған байланысты Полиция департаменті азаматтарға Қазақстан Республикасы ІІМ-нің облыс аумағындағы ұрлыққа қарсы іс-қимыл бағдарламасы аясында, егер сіз кенеттен ұзақ іссапарларға, демалысқа, оқуға немесе емделуге кететін болсаңыз, қаруыңызды аумақтық ішкі істер органына уақытша сақтауға тапсыруға болатынын ескертеді. Бұл жағдайда қаруды ІІО-ға уақытша сақтауға тапсыру рәсімі белгіленген үлгідегі өтінішті толтырады, оның сақталу мерзімін көрсетеді (шектеусіз мерзім, қызмет тегін), одан кейін полиция қызметкері сіздің қатысуыңызбен қаруыңызды тексереді, содан кейін қаруға арналған қаптамаңызда сақтау камерасына тапсырады. Кейін сіз үшін кез келген ыңғайлы уақытта, тиісінше, қайта толтырылған өтініш бойынша қаруыңыз қайтарылады, – деді полицияда.

Полиция департаменті тұрғын үйлердің қабырғаларына қару-жарақты іліп қоюға, қаруды ашық, қапталмаған түрде алып жүруге және тасымалдауға, сондай-ақ қаруды басқа адамға беруге жол берілмейтінін еске салады.

ҚР ӘҚБтК-нің 484-бабаның 1-бөлігіне сәйкес (Азаматтық, қызметтік, марапаттық, коллекциялық қаруды, оның патрондарын иелену, беру, есепке алу, сақтау, пайдалану, тасымалдау, Қазақстан Республикасының аумағына әкелу, Қазақстан Республикасының аумағынан әкету және Қазақстан Республикасының аумағы арқылы транзитпен өткізу) 10 АЕК, әкімшілік айыппұлды 7 күн ішінде төлеген жағдайда 5 АЕК айыппұл түрінде әкімшілік жазаға әкеп соғады. Жыл ішінде қайталап жасалған бұзушылық үшін 20 АЕК айыппұл салынады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру