Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

17 жастағы павлодарлық жасөспірім жеті құқық бұзушылық жасады

17 жастағы павлодарлық жасөспірім жеті құқық бұзушылық жасады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

«Құқықтық тәртіп» жедел-алдын алу іс-шарасы барысында Павлодар қаласын патрульдеу кезінде полиция қызметкерлері түн ортасында Назарбаев даңғылы мен Жаяу Мұса көшесінің қиылысында BMW көлігін байқаған.

Жүргізуші  полиция қызметкерлерінің тоқтау туралы заңды талаптарын елемей, Кенжекөл ауылына қарай бағыттаған.Бірақ автоәуесқой полициядан құтылмады.  

– Көлік құралының жүргізушісі қала колледжінің 17 жастағы кәмелетке толмаған студенті екені анықталды, сәйкесінше оның жүргізуші куәлігі де жоқ,- деп атап өтті Жжергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Ғалым Сарғұлов.

Кәмелетке толмаған студентке қатысты жалпы жеті хаттама толтырылғанын да айтып кетті.

Құқықсыз көлік жүргізгені үшін ҚР ӘҚБтК-нің 612-бабы 2-бөлігі (Құжаттары жоқ және басқару құқығы жоқ адамның көлік құралын басқаруы) бойынша, сондай-ақ ішкі істер органдары қызметкерлерінің заңды талаптарын орындамағанына байланысты ҚР ӘҚБтК-нің 613-бабы 1-бөлігі (Ішкі істер (полиция), көліктік бақылау органдары қызметкерінің Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы автокөлік құралдарын өткізу пункттерінде және Қазақстан Республикасының аумағындағы көліктік бақылау бекеттерінде, әскери полиция органдары қызметкерінің талаптарын орындамау, алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйін куәландырудан өтуден жалтару) бойынша әкімшілік хаттама толтырылды.

Сонымен қатар, полициядан жасырынуға тырысқан студент жол қозғалысының басқа да ережелерін бұзған. Атап айтқанда, ҚР ӘҚБтК 595-бабы 1-бөлігі (Маневр жасау қағидаларын бұзу), ҚР ӘҚБтК 1-бабы 599-бөлігі (Бағдаршамның тыйым салатын сигналына немесе реттеушінің тыйым салатын қимылына қарамай өту), ҚР ӘҚБтК 230-бабы 2-бөлігі (Қазақстан Республикасының міндетті сақтандыру туралы заңдарын бұзу), ҚР ӘҚБК 590-бабы 9-бөлігі (Көлік құралдарын пайдалану қағидаларын бұзу ), ӘҚБтК 606-бабы 1-бөлігінде (Жол жүрiсiне қатысушының жол жүрiсi қағидаларын авариялық жағдай туғызуға әкеп соққан бұзушылығы) көрсетілгендей жолда апаттық жағдай тудырып, жол қозғалысының басқа қатысушыларын қозғалыс бағыты мен жылдамдығын күрт өзгертуге мәжбүр еткен.

Кәмелетке толмаған баланың ата-анасына да ҚР ӘҚБтК 442-бабы (Кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз түнгі уақытта ойын-сауық мекемелерінде немесе тұрғынжайдан тыс жерде болуы) бойынша жауапкершілікке тартылды.

Полицейлер аталмыш отбасымен келешекте мұндай мінез-құлыққа жол бермеу туралы профилактикалық әңгіме өткізді.

Көлік айып тұрағына қойылды. Айтпақшы, көлік жасөспірімнің өзіне тиесілі екен, ол өзінің 18 жасқа толуына қалған небәрі екі аптаны күтпей, жүргізуші куәлігін алмастан  рульге отырып, нәтижесінде, көптеген құқық бұзушылықтар жасады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру