Павлодар облысының полицейлері заңсыз сақталған қаруларды тәркіледі
Павлодар облысының полицейлері заңсыз сақталған қаруларды тәркіледі, – деп хабарлайды Polisia.kz.
«Қару» жедел алдын алу іс-шарасының бірінші күні Павлодар облысының полицейлері заңсыз сақталған қаруды анықтау бойынша 222 рейдтік іс-шара өткізді, 250 шаруа қожалығы мен мал жайылым учаскелерін тексерді. Заңсыз айналымнан сегіз қару, оның ішінде екі тегіс ұңғылы, үш газ, үш электр, сондай-ақ бір граната және жеті тегіс ұңғылы патрон алынды.
– Тұрғылықты жері бойынша 1507 жеке қару иесі тексеріліп, барлығы 54 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Азаматтық, қызметтік қаруды, оның патрондарын сақтау, пайдалану немесе тасымалдау қағидаларын бұзғаны үшін 45 хаттама жасалды. Сондай-ақ, азаматтық және қызметтік қаруды тіркеу (қайта тіркеу) тәртібін немесе оны есепке қою тәртібін бұзушыларға қатысты 9 хаттама жасалды. Мысалы, аталған іс-шара барысында полиция қызметкерлері Назарбаев даңғылы бойындағы гараждардың жанында 38 жастағы павлодарлықты ұстады, сыртқы тексеру кезінде пакеттен ПМ тапаншасына ұқсас зат тәркіленді. Тағы бір қала тұрғынының қалтасынан 4 патроны бар тапаншаға ұқсас зат тәркіленді. Ал облыс орталығының 32 жастағы тұрғыны сөмкеден Ф-1 гранатасына ұқсас металл зат берді. Аталған фактілер бойынша сараптама тағайындалды, – деді Павлодар облысы ПД Әкімшілік полиция басқармасы бастығының міндетін атқарушы Бәкібай Ахмедьянов.
8 ақпанда басталған «Қару» жедел алдын алу іс-шарасы кезінде полиция тіркелген қарудың барлық иелерін, мамандандырылған дүкендер мен күзет фирмаларын тексереді. Мұндай акциялар заңсыз айналымнан тіркелмеген қарудың барынша көп санын алуға мүмкіндік береді.