СҚО полицейлері жеті күндік іс-шара барысында есепте тұрған адамдарды тексеруде
СҚО полицейлері жеті күндік іс-шара барысында есепте тұрған адамдарды тексеруде, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Отбасылық жанжалқойлар, бұрын сотталғандар, маскүнемдікке салынған адамдар – есепте тұрғандардың барлығы учаскелік полиция инспекторларының жіті бақылауында. СҚО-да 7 ақпаннан бастап “Профилактикалық бақылау“ жедел-профилактикалық іс-шарасы өтуде.
Күн сайын учаскелік полиция инспекторлары бұрын істі болғандардың мекенжайларына барып жағдайларын, олардың қойылған шектеулерді сақтауын тексереді. Сотты болғандардың жұмыспен қамтылуы да назарда. Тәртіп сақшыларының бұл реттегі міндеті – қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың есепте тұрған тұлғалар тарапынан және оларға қатысты жасалуының алдын алу.
Облыстың ең ірі елді мекені – Петропавл қаласындағы “Профилактикалық бақылау“ жедел-профилактикалық іс-шарасына барлық 13 учаскелік полиция пунктінің инспекторлары жұмылдырылған. Петропавл қаласы ПБ бастығының бірінші орынбасары Әлібек Ғабдуллинің ақпаратынша, соңғы үш күнде 350-ден астам адам тексерілген. Қалалық полицияның профилактикалық есебінде 2486 адам бар. Оның 1134-і – маскүнемдікке салынғандар, 362-сі – бұрын сотталғандар, 111-і – бас бостандығынан айыру орындарынан шартты-мерзімінен бұрын босап шыққандар. Тексерулер барысында есепте тұрғандардың қойылған шектеулерді бұзудың 100-ден астам дерегі анықталды. Үш адам сот шешімімен арнайы емдеу-профилактикалық мекемесіне емделуге жіберілді.
СҚО бойынша операцияның басынан полицейлермен 456 адам тексерілді. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасуда. Есептегі барлық азаматтар тексеріледі. “Профилактикалық бақылау“ жедел-профилактикалық іс-шарасы 13 ақпанда аяқталады.