Алматыда ҚАЖ департаменті қалалық аурухана дәрігерлерін марапаттады
Алматыда ҚАЖ департаменті қалалық аурухана дәрігерлерін марапаттады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қаңтар оқиғасы кезінде Алматыдағы тергеу изоляторына жаппай тәртіпсіздікке қатысқандардың көптеп жеткізілгені белгілі. Олардың арасында жарақат алғандар да көп болды. Осы кезде тергеу изоляторының дәрігерлеріне Алматы қаласындағы ауруханалардың білікті дәрігерлері көмекке келді.
– Жуырда Алматы қаласы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің басшылығы осындай қиын кезеңде ЛА-155/18 мекемесіне жеткізілген жаралы күдіктілерді тексеру мен емдеу ісіне белсене араласқан № 4 қалалық клиникалық ауруханасының дәрігерлеріне Алғыс хат тапсырып, ризашылықтарын білдірді, – деді ЛА-155/18 мекемесі бастығының орынбасары М.Кәкімжанов.
Атап айтқанда, жоғары дәрежелі дәрігер-хирург, PhD дәрігер Айдар Раимханов, дәрігер-хирург Сұнғат Өтеген, травматолог-ортопед Еркебұлан Әбілда, медицина қызметкерлері Ринат Азизов пен Юрий Лотош осындай марапатқа ие болды.
Дәрігерлерді марапаттау салтанатына Алматы қаласы прокуратурасының өкілі Д.Салимов қатысты.