Павлодар облысында мас күйде көлік жүргізген жасөспірім ұсталды
Павлодар облысында мас күйде көлік жүргізген жасөспірім ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Рейдтік іс-шара барысында сағат 23.00 шамасында Тереңкөл ауданының Ивановка ауылында полиция қызметкерлері ВАЗ 21093 көлігін тоқтатты. Құжаттарды тексеру кезінде жүргізушінің кәмелетке толмағаны және оның көлік құралын басқару құқығы жоқ екені анықталды.
– Әңгіме барысында жүргізушіден алкогольдің иісі сезілді. Медициналық куәландыру 16 жастағы жүргізушінің масаю жағдайында болғанын растады. Аталған факті бойынша кәмелетке толмаған жүргізушіге қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабы 8-бөлігі (Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруы, сол сияқты көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның басқаруына беру) бойынша әкімшілік іс қозғалды, материал сотқа жолданды. Сот қаулысымен заңды өкіл, яғни кәмелетке толмаған баланың әкесіне 10 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды, – деді Павлодар облысы Тереңкөл аудандық полиция бөлімінің бастығы Арман Кәрімов.
Осыған ұқсас жағдайды Тереңкөл ауданының Песчаное ауылында учаскелік инспекторлары анықтады. Онда ВАЗ-21114 көлігінің жүргізушісі тоқтатылды. Жүргізушінің көлік басқару құқығы жоқ екені, оған қоса ішімдік сіміріп алғаны анықталды.
Жүргізушіге қатысты, ҚР ӘҚБтК 608-бабы 6-бөлігі (Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруы, сол сияқты көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның басқаруына беру) бойынша хаттама толтырылып, материал сотқа жолданды.
Айта кетейік, ағымдағы жылдың басынан бері Тереңкөл полицейлері мас күйінде көлік жүргізген төрт жүргізушіні жауапқа тартты. Аталған фактілер бойынша материалдар шешім қабылдау үшін сотқа жолданды.