Түркістандық полицейлер ойын бизнесін ұйымдастырған күдіктіні ұстады
Түркістандық полицейлер ойын бизнесін ұйымдастырған күдіктіні ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
– Өткен жылдың желтоқсан айында Сайрам ауданының тұрғыны біздің назарымызға түсті. Негізінен ол бұрын сотты болған ұйымдасқан қылмыстық топтың мүшесі. ҰҚТ қарақшылықпен, бопсалаумен, тонаумен, қару-жарақ пен есірткі құралдарының заңсыз айналымымен айналысқан, – деді облыстық Полиция департаменті бастығының орынбасары Құрманбек Сахов.
Криминалдық полиция қызметкерлері Сайрам ауданының аумағында ойын бизнесін ұйымдастыруға қатысы бар ҰҚТ қатысушысын анықтау бойынша жедел іс-шараларды бір жарым ай бойы жүргізді.
Бірлескен операция нәтижесінде Түркістан облысы бойынша криминалдық полиция және Экономикалық тергеу департаментінің қызметкерлері Кентау қаласынан күдіктіні ұстады. Оны қалалық полиция бөлімінің УҰИ-ға қамады. Тергеу барысында ер адамның ойын бизнесін ұйымдастыруға және оны қолдап отырғаны, сондай-ақ оның ұйымдасқан қылмыстық топ құруға қатысы бар екендігі дәлелденді.
Аталған жайт ҚК-нің 307-бабының 2-бөлігі (Заңсыз ойын бизнесін ұйымдастыру) және ҚК-нің 1 және 2-бөлімдерінің 262-бөлігі (Ұйымдасқан топты, қылмыстық ұйымды құру және оған басшылық ету, сол сияқты оларға қатысу) бойынша тіркелді.
– Күдікті қамауға алынды. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Ұсталған адамның басқа қылмыстарға қатысы бар-жоғы анықталуда, – деп қорытындылады Сахов.