ШҚО Полиция департаментінде ауған жауынгерлерін еске алу рәсімі өтті
ШҚО Полиция департаментінде ауған жауынгерлерін еске алу рәсімі өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ауғанстаннан әскер шығарылған күннен бастап үш онжылдық өтті. Бұл жауынгерлік іс-қимылдарға 22 269 қазақстандық қатысты, 924 жауынгер қаза тапты, 1 015 жауынгер мүгедек болып оралды, 21 адам хабар-ошарсыз кетті. Олардың барлығы шынайы батылдық пен ержүректік танытты. Бұл күндері біз өзінің интернационалдық борышын өтеген ардагерлердің ерлігін құрметтейміз.
Осылайша, Қазақстан полициясының 30 жылдығын мерекелеу аясында Шығыс Қазақстан облысы Полиция департаментінің қызметкерлері Ауғанстаннан Кеңес әскерлерінің шығарылғанына 33 жыл өтуіне орай жауынгер-интернационалистерге арналған мемориалда қаза тапқан жауынгерлерді еске алып, салтанатты гүл қою рәсімін өткізді, сондай-ақ қаза тапқандарды бір минут үнсіздікпен еске алды. Рәсім ҚР ҰҰ 55/18 әскери бөлімі оркестрінің әуенімен жүргізілді.
Іс-шараға ШҚО ПД бастығының орынбасары Р. Унарбеков, ШҚО ПД аппаратының ардагерлер кеңесінің төрағасы М. Ким, ШҚ облыстық Ауған соғысы ардагерлері Одағы төрағасының бірінші орынбасары М. Самылтыр, Ауғанстандағы әскери іс-қимылдарға қатысушылар Т. Ожиканов, А. Байсакалов, Ж. Думеев, К. Мұхамадиев, Таулы Қарабақтағы этносаралық қақтығысқа қатысушы Б. Серменов, Тәжік-Ауған учаскесінде Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының шекарасын қорғауды күшейтуге Е. Нұралин және ШҚО ПД КСБ қызметкерлері қатысты.