Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қызылордада Жедел басқару орталығы бір аптада 423 құқық бұзушылықты анықтады

Қызылордада Жедел басқару орталығы бір аптада 423 құқық бұзушылықты анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Қызылорда қалалық Полиция басқармасының Жедел басқару орталығында полицейлер тәулік бойы үздіксіз өз жұмыстарын атқарып келеді. Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мен тәртіпті сақтау мақсатында анықталған құқық бұзушылықтар бойынша жедел жұмыстарды жүзеге асырады. Бір аптада «102» нөмеріне 738 хабарлама келіп түсті. Ал Жедел басқару орталығының көмегімен 423 құқық бұзушылық анықталды.

Оның ішінде Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 593-бабымен (Жол жүрiсi қағидаларында көзделген жолаушыларды және жүктердi тасымалдау, қауiпсiздiк белдіктерiн немесе мотошлемдердi пайдалану жөніндегі талаптарды сақтамау) 184 жүргізуші, 591-бабының 1-бөлігімен (Көлiк құралын басқару кезiнде жүргiзушiнiң телефонды не радиостанцияны пайдалануы – бес айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады) 45 жүргізуші, 600-бабының 1-бөлігімен (Жол жүрісінде басымдықты пайдаланатын көлiк құралдарының жүргiзушiлерiн қоспағанда, жол жүрiсi қағидаларының жаяу жүргiншiлерге немесе жол жүрiсiнiң өзге де қатысушыларына жол беру талаптарын орындамау) 31 жүргізушіге әкімшілік хаттама толтырылды.

Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 200-бабы (Автомобильдi немесе өзге де көлiк құралын жымқыру мақсатынсыз құқыққа сыйымсыз иеленіп алу) және 296-бабымен (Есірткі, психотроптық заттармен, сол тектестермен өткізу мақсатынсыз заңсыз жұмыс істеу) төрт қылмыс ашылды.

– Біздің орталық өз жұмысын ешқашан кідірткен емес. Сондықтан сеніммен айта аламын, Қызылорда қаласы тұрғындарының тыныш ұйқысы мен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында өз жұмысымызды одан әрі де жалғастыра береміз, – дейді Қызылорда қалалық Полиция басқармасының Жедел басқару орталығының бастығы Берікбол Еримбетов.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру