Қарағанды облысының тұрғыны көршісінің үйіне кіріп, 3 млн теңгеге жуық ақшасын ұрлап кеткен
Қарағанды облысының тұрғыны көршісінің үйіне кіріп, 3 млн теңгеге жуық ақшасын ұрлап кеткен, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Өткен жылдың 22 қарашасында Қарағанды облысы Қарқаралы ауданының полиция бөліміне бір елді мекеннің 29 жастағы тұрғыны арызданған. Арызданушының үйде жоқтығын пайдаланып, белгісіз біреу үйге кіріп, ақша ұрлап кеткен. Келтірілген шығын көлемі 2,8 млн теңгені құрады. Полицейлер ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабы (Ұрлық) бойынша қылмыстық іс қозғады.
10 ақпанда жедел-іздестіру іс-шараларының барысында криминалдық полиция қызметкерлері жәбірленушімен бір көшеде тұратын 24 жастағы жергілікті тұрғынды анықтады.Ол ұрланған қаражатты негізінен зергерлік бұйымдар сатып алуға жұмсағанын айтып, кінәсін мойындады. Айғақтардың бір бөлігі тәркіленді. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізілуде.