Теміртауда дүкеннен ақша мен алкоголь ұрлаған адам ұсталды
Теміртауда дүкеннен ақша мен алкоголь ұрлаған адам ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
14 ақпанда Қарағанды облысы Теміртау қаласының Шығыс полиция бөліміне 34 жастағы қала тұрғыны арызданған. Ол кәсіпкерлікпен айналысатынын, дүкені бар екенін айтты. Түнде белгісіз біреу терезенің пластикалық жақтауын сығып ашып, кассадан 711 мың теңге мен алкогольдік ішімдіктерді ұрлап кеткен. Келтірілген шығын көлемі 944 мың теңгені құрады.
Жедел-іздестіру іс-шараларының барысында криминалдық полиция қызметкерлері күдікті 32 жастағы ер адамды анықтап, ұстады. Қолға түскен күдікті қылмысын мойындады. Заттай айғақ алынды.
ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабы (Ұрлық) бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізілуде.