Маңғыстауда “Автобус” ЖПІШ барысында 100-ден астам әкімшілік құқық бұзушылық анықталды
Маңғыстауда “Автобус” ЖПІШ барысында бір күнде 100-ден астам әкімшілік құқық бұзушылық анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жолаушыларды қоғамдық тасымалдаумен айналысатын автокөліктердің арасындағы апаттардың алдын алу, жол қозғалысы ережелерін бұзуды анықтау мақсатында облыстық Полиция департаментінің қызметкерлері, аймақтық Көліктік бақылау басқармасының өкілдерінің қатысуымен 21 ақпан мен 2 наурыз күндері аралығында облыс аумағында “Автобус” жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізуде.
Аталған іс-шараның мақсаты – көлік жолдарында жолаушылар мен жүктерді тасымалдаумен айналысатын көлік жүргізушілері арасында көліктік тәртіпті арттыру.
Шараның бір күнінде өткізілген рейдтік жұмыстар барысында қоғамдық көлік жүргізушілері жол берген 133 әкімшілік құқық бұзушылық тіркелді, оның ішінде жолаушылар тасымалдау қағидаларын бұзудың бір дерегі, көлік құралдарын заңсыз жабдықтаудың 14 дерегі, уақтылы техникалық байқаудан өтпеудің 23 дерегі, ұялы телефонмен сөйлесудің 47 фактісі, рейс алдындағы міндетті техникалық және медициналық байқаудан өту талаптарын бұзудың бір фактісі, маневр жасау қағидаларын бұзудың 34 дерегі анықталды. Анықталған барлық құқық бұзушылықтар бойынша хаттамалар толтырылып, тиісті әкімшілік шара қолданылды.