Түркістан тұрғыны құжаттарын рәсімдеуге көмектескен ҚАЖ қызметкеріне алғыс айтты
Түркістан тұрғыны құжаттарын рәсімдеуге көмектескен ҚАЖ қызметкеріне алғыс айтты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Шымкен және Түркістан облысы бойынша ҚАЖД-ға қарасты Сауран ауданының пробация қызметі бөлімшесінің аға инспекторы Асқар Дайрабаев Сауран аудандық Халыққа қызмет көрсету орталығына пробация қызметінде тіркеуде тұрған азаматтың құжаттарын рәсімдеуге барғанда екі аяғы ауырып, қиналып тұрған ананың құжаттарын рәсімдеу үшін тиісті мекемелерге өзінің көлігімен алып барып, алғысқа бөленді.
Түркістан қаласының тұрғыны Гүлнар Ибадуллаева аудандық пробация қызметінің аға инспекторы Асқар Дайрабаевқа өзінің Instagram парақшасы арқылы алғыс білдірді. Гүлнар ханым өзінің екі аяғының ауыратынына қарамай, қайырымдылық іспен айналысады екен. Өзіне хабарласып көмек сұраған жандарға қуаныш сыйлауға тырысады.
– Міне, Асқар баламның арқасында біраз уақыттан бері жасай алмай жүрген құжаттарды жасап алдым. Әрбір құжатқа қол қойдырту үшін сол іспен айныласатын мекемеге бару керек. Мен баратын үш мекеме үш жақта. Оларға баруға аяқ жарамайды, – деп аналық алғысын білдірді Гүлнар Ибадуллаева.
– Әрине, қиындыққа тап болған әрбір адамға қолымнан келгенше көмек беруге дайынмын. Бұл кез келген адамның басты міндеті. Екі аяғын баса алмай, қиналып тұрған ананы көргенде қарап тұра алмадым. Себебі менің де анам бар. Анамның да екі аяғы ауырады, көп жүре алмайды. Ата-анам бала кезімізден көмек сұраған адамнан теріс айналма, керсінше қолыңнан келгенше қиналмай қол ұшын бер деп айтып отыратын. Бұл менің ата-анамның бірген тәрбиесі, – деді Асқар Дайрабаев.
Асқардың ішкі істер органында еңбек етіп жүргеніне он бес жылдан асты. Осы уақыт ішінде көптеген істерді атқаруда. Қазіргі таңда Сауран аудандық пробация қызметінің жұмысын жақсарту мақсатында аянбай еңбек етіп келеді. Өзінің қызметі жайында әңгіме қозғаған кезде ол сотталушының кінәсі қанша жерден ауыр болса да, ол мемлекетіміздің азаматы деген аттан айырылмайтынын тілге тиек етті.
Асқар Дайрабаетың пробация қызметінде тұрған сотталғандардың қоғамнан өз орнын табу үшін жасаған еңбегі де зор екен. Осы кезге дейін тіркеуде тұрған біршама адамға кәсібін ашып, табыс көзін табуына мұрындық болды.