Шымкенттік тұрғын әкесінің екі телефонын ұрлап, құмар ойынға тігіп жіберген
Шымкенттік тұрғын әкесінің екі телефонын ұрлап, құмар ойынға тігіп жіберген, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Шымкент қаласы Әл-Фараби ауданы Полиция басқармасына жергілікті тұрғын арызданған. Ол онда өзінің ұлы пәтерден өзіне тиесілі ұялы телефондарын қолды еткенін жазып көрсеткен. Яғни, үйде ешкімнің жоқтығын пайдаланған ұлы екі Samsung ұялы телефонын иемденіп, қашып кеткен. Келтірілген шығын көлемі 150 мың теңгені құраған. Аталған деректі тәртіп сақшылары ҚР ҚК 188-бабымен (Ұрлық) тіркеуге алды.
Ұрыны ұстау мақсатында Әл-Фараби АПБ-ның тәжірибелі полицейлерінен жедел-тергеу тобы құрылды. Тәртіп сақшылары оқиға орнын мұқият тексеріп, көрген-білгендерден жауап алды. Тыңғылықты жүргізілген жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде, ұрлық жасаған тұрғынның 30 жастағы ұлын полицейлер қала аумағынан қолға түсіріп, басқармаға жеткізді.
Белгілі болғандай, ұсталған азамат өзі қолды еткен телефондарды қаладағы базарлардың біріне сатып, ақшасын құмар ойынға жұмсап жіберген. Қазіргі таңда оған қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жалғасуда.