Қызылорда облысы ПД-де ерекшеленген полицейлердің аналары марапатталды
Қызылорда облысы ПД-де ерекшеленген полицейлердің аналары марапатталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Көктемнің алғашқы күнімен тұспа-тұс келетін 1 наурыз жалпыхалықтық Алғыс айту күні мерекесіне орай Қызылорда облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары Дәурен Ибраев халықтың бейбіт өмірі мен егемендігіміздің құндылықтарын қорғау жолында еңбегімен ерекшеленген тәртіп сақшыларының аналарын марапаттады.
Мәселен, 15 ақпан күні қала тұрғынының облыс орталығында орналасқан тіс емханаларының бірінің алдында жоғалған мүгедек арбасын тауып бергендері үшін қалалық Полиция басқармасының қызмет инспекторлары Багдат Жусупбаевтың анасы Гүлдана Абызбаева мен Абылайхан Ертайдың әжесі Ақтұрсын Ширанова марапатталды.
– Егеменді еліміздің жас ұрпағын ұлттық рухани құндылықтармен сусындатып, саналы ұрпақ тәрбиелеуде отбасының маңызы зор. Ата-аналар көздерінің қарашығындай мәпелеген балаларының болашағынан зор үміт күтеді. Бауыр еті балаларының артылған сенім мен үмітті ақтауы – үлкен қуаныш. Бүгінгі мейірімге толы жарқын мереке күні еліне, жеріне адал нағыз батырларды тәрбиелегендеріңіз үшін сіздерге алғыс айтамын. Осындай керемет күні әрбір шаңыраққа береке, бірлік пен ынтымақ тілеймін. Еліміз тыныш, отбасымыз аман болсын!, – деді Дәурен Ибраев.
Өз кезегінде балаларының жетістігі үшін ерекше қуаныш сезімде болған аналар департамент басшылығына шынайы алғыстарын білдірді.