Жамбылдағы түрмеде жазасын өтеуші анасымен бейнебайланысқа шықты
Жамбылдағы түрмеде жазасын өтеуші анасымен бейнебайланысқа шықты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Елімізде 2016 жылдан бастап 1 наурыз – Алғыс айту күні мерекесі тойланады. Бұл шуақты күнде барша адамзат баласы бір-біріне алғыс айтуға асығады. Алғыс айту күні – ең алдымен елімізде тыныштық пен үндестік, өзара сенімділік пен барлық қазақстандықтарға деген құрметтің орнығуына негіз болған күн.
Маңғыстау облысы бойынша ҚАЖД бастығы А.Т. Қалиевке Жамбылдағы түрмеде жазасын өтеп жатқан А. есімді ұлымен хабарласу үшін сотталғанның анасы өтініш жасады. Ана тілегі екі етілген жоқ.
Жамбыл облысы бойынша ҚАЖД бастығы Нияз Рыспаевтың тікелей тапсырмасымен ЖД-158/4 мекемесінің бастығы Ерлан Тоқанов жазасын өтеуші мен анасы үшін жедел түрде скайп-байланыс ұйымдастырып, сотталушының өз анасымен тілдесуіне мүмкіндік жасады. Бейнебайланыста сотталушы анасына алғыс айтып, алдағы келе жатқан 8 Наурыз – Халықаралық әйелдер күнімен құттықтады. Ана мен баланың амандық сұрасып, бет-жүзін көруге жағдай жасаған мекеме қызметкерлеріне маңғыстаулық тұрғын ерекше алғыс айтып, қызметтеріне табыс тіледі.
Осылайша екі аймақ арасындағы ынтымақтастық, әріптестік бейнесі мен берік байланысы алғыс айту күнінде осындай игі іспен тағы бір мәрте дәлелденгендей болды.