Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Мақтааралда есептегі сотталғандармен профилактикалық жұмыстар жүргізілді

Мақтааралда есептегі сотталғандармен профилактикалық жұмыстар жүргізілді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Жуырда Мақтаарал аудандық пробация қызметі мен аудандық полиция бөлімі пробация есебіндегі сотталғандарды шақырып, түсіндірме жұмысын жүргізді. Өзгенің төрт түлігін жымқырып, істі болғандардың қайта қылмысқа бармауы жайында сөз қозғады.

Аталған кездесуге Мақтаарал аудандық АПБ-нің бірінші орынбасары Қ.Сатыбалдиев және аудандық пробация қызметі бөлімінің бастығы Нартай Сабаев қатысты.

Кездесу барасында сотты болған азаматтардың қайта қылмыс жасауының алдын алу мақсатында олармен профилактикалық шара жүргізді. Сондай-ақ, жиын барысында ұрлық қылмыстарымен сотты болып, пробация қызметінде есепте тұратын сотталғандарға қайта қылмыс жасамауды, сот шешімімен тыйым салынған әрекеттерді жасамауын да тілге тиек етті.

Сонымен қатар, пробация қызметіне келіп белгіленіп тұруы, өзінің тіркелген мекенжайы бойынша басқа мекенжайға рұқсатсыз кетуіне, ІІО-ға ескертпей тұрғылықты мекенжай мен оқу орнын ауыстыруға болмайтыны және Қазақстан аумағынан тыс жерлерге кетпеуі туралы міндеттер де ескертілді.

Сондай-ақ, есепте тұратын сотталғандар бір жылда бірнеше әкімшілік құқық бұзушылық жасаса немесе әкімшілік қамауға алынса және ҚР ҚК-нің 169-бабында коцид) көрсетілген міндеттемелердің шарттарын бұзатын болса, онда жазаның өтелмеген бөлігін қайта өтеу мақсатында түзеу мекемесіне жіберілетіні де айтылды.

Тағы бір айта кететін жайт, әрбір сотталған өзінің мұқтаждығы бойынша пробация инспекторына келіп айтуына болатындығы да түсіндірілді. Жұмыссыз жүргендерге жұмыспен қамту орталығы арқылы тұрақты жұмысқа орналасуына мүмкіндік алады. Сонымен қатар, әлеуметтік, писхологиялық, заңгерлік кеңестерді де тегін алуына мүмкіндіктері мол екені айтылды.

– Қазақта «оңай олжа оңалтпас» деген жақсы мақал бар. Сол секілді оңай олжаға кенелеміз деп өз өмірлеріңізге балта шаптыңыздар. Себебі пробациялық есепке алынған әрбір адамның ісі өшпес таңбадай жазылып тұрады. Қайда барсаңыз да сотты болғаныңыз алдыңыздан шығады. Бұл тек сіздердің ғана емес, балаларыңыздың да келешегіне кері әсер етуі мүмкін. Сондықтан да адал еңбекпен жұмыс істеген абзал. Адал еңбектің наны тәтті деп бекер айтылмаған. Өздеріңізге қажетті көмек болса, бізге келіп айтыңыздар. Қолымыздан келгенше заң аясында көмек қолын созуға тырысамыз, – деді Мақтаарал аудандық пробация қызметі бөлімінің бастығы Нартай Сабаев.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру