Алматы облысының полицейі жекпе-жек ұлттық спорт түрінен ҚР чемпионатының жүлдегері атанды
Алматы облысының полиция қызметкері 200 спортшы арасында жекпе-жек ұлттық спорт түрінен ҚР чемпионатында жүлделі үшінші орынды иеленді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
24-27 ақпан аралығында Өскемен қаласында «Ата-Қазақ» жекпе-жек ұлттық спорт түрінен ерлер мен әйелдер арасындағы Қазақстан Республикасының чемпионаты өтіп, облыстық Полиция департаменті қызметкері Мади Досмұхаметов жүлдегерлер қатарынан көрінді.
Қазақстан Республикасы чемпионатында еліміздің барлық аймағынан 200-ге жуық спортшы қатысты. +90 келі салмақта Алматы облысының намысын Жедел қимылдайтын арнайы жасақ қызметкері Мади Досмұхаметов қорғады. Ол алғашқы қарсыласын техникалық нокаутпен, ал екінші қарсыласын төрешілер шешімімен жеңді.
«Мадидің шыққан биігі тек біздің бөлімшенің ғана емес, барлық облыс полицейлерінің жеңісі деп санаймын. Мадидің жеңісі – қызметкерлердің бірлескен дайындығының, жігері мен намысының нәтижесі. Әріптесіміз елге аман-есен оралды, жақын күндері қоғамдық тәртіпті қорғаудағы өзінің міндеттерін орындауға кіріседі», – деп атап өтті Алматы облысы ПД Жылдам қимылдайтын арнайы жасақ командирінің орынбасары Арай Иманбаев.
Мади Досмұхаметов – халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 2021 жылғы Азия чемпионы, Әлем және Қазақстан чемпионаттарының жүлдегері. Бапкері – Нұрлан Аманқұлов.