Түркістан облысында мерекеге орай қыз-келіншектер марапатталды
Отырар ауданының полициясында мерекеге орай қыз-келіншектер марапатталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Отырар ауданында 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні мерекесіне орай өздерінің қызметтік міндеттеріне жауапкершілікпен қарап, кәсіби шеберлік көрсетіп, қызмет барысындағы адал еңбектері үшін бірқатар қызметкерлер, ІІО-да қызмет атқару барысында қаза тапқан полиция қызметкерлерінің жұбайлары мен зейнеткерлерді марапаттау рәсімі өтті. 18 әйелдің құшағын гүлге, жүрегін нұрға толтырған полицейлер бағалы сыйлықтарында табыстауды ұмыт қалдырмады.
Сондай-ақ, тәртіп сақшылары барша қыз-келіншектер мен пагондағы арулардың отбасына баянды бақыт, ынтымақ, өзіндік қиындығы бар мамандықта Қазақстан халқы үшін адал еңбек атқарып жүре берулеріне тілек білдірді.
Көктемгі мерекенің сый-сияпаты мұнымен таусылмады. Аталмыш шарадан соң Отырар ауданы ПБ-ның жеке құрам қызметкерлері қонақтарға арналған мерекелік дастархан жайып, одан әрі құрметтерін көрсетті.
Жиын соңында Отырар ауданы ПБ-ның бастығы Ермек Өсербаев жүздері бал-бұл жанған ақжаулықты аналардың алдында барлық азамат мәңгі қарыздар екеніне тоқталды. Шын көңілден құттықтау сөздерін арнады.
– Жер бетінде жақсылық атаулы аналардың үлкен жүрегімен әрленеді. Жылына бір тойланатын мерекеде олардың еңбектерін бағалап, сый-құрмет көрсету парызымыз, – деді ауданның бас полицейі.