Көлік полицейлері погондағы аруларды көктем мерекесімен құттықтады
Көлік полицейлері погондағы аруларды көктем мерекесімен құттықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz
Бүгін ҚР ІІМ Көліктегі полиция департаментінің мәжіліс залында 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне арналған мерекелік іс-шара өтті.
Онда департаменттегі басшылық және жеке құрамы погондағы арулар мен ішкі істер органдарының ардагер-әйелдерін салтанатты түрде құттықтады.
– Қадірлі әріптестер, құрметті арулар, аса жауапты қызметті адал әрі кәсіби шеберлікпен жоғары деңгейде атқарып келе жатқандарыңыз үшін барлық ер-азаматтардың атынан алғысымды білдіремін. Әйел-ана үнемі мейірімділіктің, жылылық пен сұлулықтың символы болып қала бермек. Сіздерге мықты денсаулық, отбасылық бақыт, қызметтеріңізге толағай табыстар тілеймін, – деді құттықтау сөзінде департамент бастығы Оңал Бекеев.
Дәстүр бойынша 8 наурыз мерекесіне орай бұйрық оқылып, өз қызметтік міндеттерін адал атқарғандары, жоғары жетістіктерге қол жеткізгендері үшін көптеген әйел-полицейлерге ІІМ мен департамент басшылығының құрмет грамоталары мен алғыс хаттары табысталып, кезекті арнайы атақтар берілді.
Сонымен қатар, мерекелік іс-шараға республикалық ақпарат құралдарында еңбек ететін әйел-журналистер де қатысты. Олардың арасында Хабар агенттігінің интернет жобалары дирекциясының директоры Сәуле Қайдағұлова, mgorod.kz порталының шығарушы редакторы Инна Бугаева да болды.
– Журналистер көптеген жылдар бойы БАҚ беттерінде көлік полицейлерінің оң имиджін арттыруға бағытталған материалдарды жариялап келеді. Шын мәнінде, қылмыстардың алдын алу бойынша жүргізілген іс-шаралардың жұртшылыққа кеңінен насихатталуында БАҚ өкілдерінің көмегі зор, – деді Оңал Ботайұлы.
– Еліміздің дамуы мен өсіп-өркендеуі жолындағы жұмыстарыңызға әрдайым сәттілік тілеймін, – деді департаментінің бастығы.
Бұдан соң, департамент басшысы шараға қатысқан журналисттерді грамоталармен марапаттады.
Мерекелік шараның соңы концерттік бағдарламаға ұласты.
Бүгінгі күні Көліктегі полиция департаментінің қылмыстық іздестіру, тергеу, кинология, кәмелетке толмағандар істері жөніндегі бөліністерінде 300-ден аса әйел қызмет етеді, оның көпшілігі ІІО-да 5 жылдан 30 жылға дейін қызмет етуде.