Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ақтөбеде жазасын өтеуші сотталған түрмеде некесін қиды

Ақтөбеде жазасын өтеуші сотталған түрмеде некесін қиды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ департаментіне бағынысты КА-168/1 мекемесінде тонау бойынша жазасын өтеуші сотталған төрт жыл бұрын бостандықта танысқан сүйіктісімен заңды некесін қиды.

Некесін қию кезінде сотталған сүйіктісімен төрт жыл бұрын танысқанын және бостандыққа шыққаннан кейін отбасына оралып, қамқор болып, бала сүюді армандайтынын жеткізді.

– Түзеу мекемелерінде ең жақын адамдармен кездесуге рұқсат беріледі. Сондықтан темір тордың ар жағында отырсам да, алдағы күндері мекеме заңдылығына сай, некелі жарыммен кездесуге мүмкіндік алғым келді. Сонымен қатар, жаза мерзімімді өтеу кезінде бостандықта мені жақсы көріп, күтетін некелі жарымның барын іштей біліп, оған ертерек оралуға тырысатын боламын, – деді сотталған.

Өз кезегінде қалыңдық та күйеуін жаза мерзімінің аяқталғанына дейін күтіп, жұбайлық қолдау көрсететінін айтты.

– Жалпы мекеме тарихында тағдырын сүйіктісімен байланыстырып, түзелу жолына берік түсіп, сайып келгенде мерзімінен бұрын босатылған сотталғандар көп кездеседі. Оның себебі де түсінікті. Некеге тұру – сотталғандарға оң әсер етеді, яғни қоғамда өзінің орнын табуға және өз отбасына қамқор болуы үшін мерзімінен бұрын босауына ынталандырады. Түзеу мекемелерінде сотталғандардың некесін қиюдағы басты мақсат та осы – оларға жанұя алдында жауапкершілікті сезіндіріп, отбасы арқылы сотталғанды тәрбиелеу процесіне ықпал ету, – дейді Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ департаментінің баспасөз хатшысы Гүлфайруз Төремұратова.

Айта кету керек, Ақтөбедегі түзеу мекемелерінде өткен жылы 25 сотталған, биыл жыл басынан бері үш сотталған неке қидырды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру