Қызылордалық тәртіп сақшылар мигранттарды тексерді
Қызылордалық тәртіп сақшылар мигранттарды тексерді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі уақытта еңбек миграциясы жаһандық маңызға ие екенін және ол елдің әлеуметтік-экономикалық дамуымен тығыз байланысты екенін бірнеше рет баса айтты.
Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің нұсқауына сәйкес, 10-20 наурыз аралығында «Мигрант» іс-шарасы басталды. Осыған орай Қызылорда қалалық Полиция басқармасының жедел-криминалистика бөлімінің тәртіп сақшылары арнайы өз жұмыстарын бастап кетті. Заңды келген еңбекші мигранттың дактилоскопиялық есебін жүргізуге барлық жағдай жасалынған және олар бұл есептен өтуге міндетті.
– Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес аталған есептер елімізге келген еңбекші мигранттардың қауіпсіздігін сақтау және қаламыздағы криминогендік ахуалын бақылау мақсатында жүргізіледі. Десе де, міндетпен бірге қызмет көрсету сапасы жоғары болуға тиіс, – деп атап өтті басқарма бастығы Әбдібек Сламбекұлы.
Осыған орай Халыққа қызмет көрсету орталығы және Қызылорда қалалық Полиция басқармасының көші-қон полиция бөлімі және жедел-криминалистика бөлімдерімен бірлескен шаралар аясында «Папилон» боямасыз сканері алынған болатын.
Бұл жоба өз нәтижесін беріп, еңбекші мигранттардың қол таңбалары боямасыз сканерленіп, базаға фотосымен бірге жолданып, түрлі есептерден тексеріліп, санаулы минуттарда анықтама беріледі. Бұл жоба мигранттарды халыққа қызмет көрсету орталығындағы жұмыс сапасының жоғары дәрежеде ұйымдастырушылығын көрсетеді. Мемлекет Президентінің Жарлығына сәйкес еңбекші мигранттардың Қазақстанда жұмыс істеу мәселесі басты назарға алынған.