Түркістан облысында пробация есебіндегі сотталған мәслихат тарапынан алғыс хат алды
Түркістан облысында пробация есебіндегі сотталған мәслихат тарапынан алғыс хат алды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Шымкент және Түркістан облыстық ҚАЖД-ға қарасты Кентау пробация қызметі есебінде тұрған сотталушы Шартым Әлімжанға «Кентау жастары – жаңару мен даму жолында» атты жастар форумында жас ұрпақты тәрбиелеуге қосқан үлесі үшін Кентау қалалық мәслихатының хатшысы Т.Балабиевтың қолы қойылған алғыс хат берілді.
Ол өткен жылы Мемлекет басшысының Жолдауына сәйкес және Кентау қалалық әкімшіліктің қаулысы бойынша қалалық жұмыспен қамту орталығы арқылы Хантағы елдімекені әкімдігіне қоғамдық ақылы жұмысқа орналасқан болатын.
Мәслихат хатшысы Т.Балабиев өзінің жұмысына тиянақты әрі ұқыпты атқарып көзге түскен үлгілі жас жігіті мақтан тұтатынын атап өтті. Сонымен қатар, ол есепте тұрған адамды қоғамға бейімдеу кезінде пробация қызметкерлерінің де еңбегі көп екенін тілге тиек етті. Осындай атқарылып жүрген жұмыстар үшін Кентау қалалық пробация қызметіне Хантағы елдімекені әкімі атынан және өз атынан алғыс білдірді.
– Пробация есебінде тұрған сотталған Шартым қалалық мәслихаттың алғысына ие болғанына өте қуаныштымыз. Жалпы, бұл марапатты алған есепте тұрған Шартым өзін ортада жақсы ұстайды. Мінезі қарапайым, сабырлы, шаруасына тыңғылықты қарайды. Сонымен қатар, жаза өтеу тәртібін бұзбай, жұмыста жүрсе де, уақыт тауып, пробация тарапынан ұйымдастырылатын түрлі қоғамдық шараларға белсене қатысады, – дейді Кентау қалалық пробация кызметтінің аға инспекторы Ғалымжан Бердишев.
– Әрине, мен өзімнің жасаған қателігімді мойындаймын. «Ашу – дұшпан, ақыл – дос» деп ата-бабамыз бекер айтпаған екен. Ұрыстың соңы төбелеске ұласып, біреуге жұдырық ала жүгіргеніме қазір қатты өкінемін. Сабырсыздықтың салдары өміріме өшпес таңба қалдырды. Ата-анамды жерге қараттым. Алдағы уақытта оқуымды аяқтап, жақсы бір мамандық иесі болсам деп армандаймын, – деді пробация есебіндегі Шартым.