Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Газдан уланған: ақтөбелік полицейлер жол бойында қалған шетелдіктерді құтқарды

Ақтөбелік полицейлер жол бойында қалған шетелдіктерді құтқарды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

9 наурызда Тәжікстан Республикасының екі азаматы ГАЗель автокөлігімен Ақтөбе қаласынан Әлімбетовка шекара бекетіне жолға шыққан. Олар шекарадан өте алмағандықтан, Ақтөбеге туысқандарының үйіне қайтамыз деп шешті.

Қайтар жолда олармен байланыс үзілді. Желдің жылдамдығы артып, ұйытқыды, аяз күшейді.

Уайымдаған туысқаны 102 телефонына қоңырау шалды. Патрульдік полиция ротасының экипаждары дереу хабар-ошарсыз кеткен адамдарды іздеуге кірісті.

Түн ортасында Солтүстік айналма жолы автожолының он екінші шақырымында Исламбұлақ кемпингінің тұрағында полиция қызметкерлері аталған көлікті тауып алды. Жүргізуші мен жолаушы автокөлік салонында улы газбен улану салдарынан ұйықтап қалған.

Полицейлер зардап шеккендерді көліктен шығарып, алғашқы медициналық көмек көрсетті, дәрігерлерді шақырды. Дәрігерлер зардап шеккендердің бірін жедел жәрдем көлігіне жатқызды, ал екіншісін қызметтік автокөлікке мінгізіп, медициналық мекемеге жеткізді. Қазіргі уақытта шетелдіктер жан сақтау бөліміне жатқызылды.

Полиция департаменті көлікте түнеген кезде салонды мезгіл-мезгіл жылытып, ұйқы кезінде моторды сөндірген жөн деп ескертеді. Жұмыс істеп тұрған қозғалтқышы бар машинада ұзақ уақыт болған кезде, газ дереу көліктен алыстайтындай етіп, автомобильді жел бағытына қарай бағыттаңыз.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру