Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Жамбыл облысында екі күнде 20 мас жүргізуші анықталды

Жамбыл облысында екі күнде 20 мас жүргізуші анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Жамбыл облысының аумағында жол қозғалысы ережелерін бұзушылықтарды анықтау бойынша жергілікті тексеру жұмыстары жүргізілді. Екі тәулік ішінде жергілікті полиция қызметкерлері 2400-ден астам жол ережесін бұзу дерегін тіркеп, мас күйінде көлік жүргізген 20 жүргізуші анықтады.

Тәртіп бұзушылардың жалпы санынан бұрын көлік жүргізу құқығынан айырылған – 6 адам, сондай-ақ мас күйінде көлік басқарған үш жүргізуші ұсталды.

Талас ауданындағы аумақты патрульдеу кезінде жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін ВАЗ-21140 көлігі тоқтатылды. Тексеру барысында осы көліктің 21 жастағы жүргізушісі 2020 жылы Талас аудандық сотының шешімімен 7 жылға көлік жүргізу құқығынан айырылғаны анықталды, бірақ соған қарамастан ол көлікті басқарып, мас күйінде болған.

– Аталған дерекке қатысты ҚР ҚК 346-бабы 1-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Автокөлік айып тұрағына қойылды. Осы баптың санкциясы 5 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу немесе белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, сол мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жауапкершілікті көздейді, – деп хабарлады Жамбыл облысының ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Рахымберді Әшкеев.

Сондай-ақ, тәртіп сақшылары қауіпсіздік белдігін тақпағаны үшін 304 тәртіп бұзушыны, көлік басқару кезінде телефондарын пайдаланғаны үшін 206 жүргізушіні, қарсы қозғалыс жолағына шыққаны үшін алты тәртіп бұзушыны әкімшілік жауапкершілікке тартты.

Сонымен қатар, белгіленбеген жерден жолды кесіп өтпек болған 306 жаяу жүргінші анықталды. Полиция қызметкерлерімен барлығы 50-ден астам көлік айып тұрағына қойылды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру