Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

СҚО-да фура жолдан шығып кетті

Солтүстік Қазақстан облысында фура жолдан шығып кетті, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Солтүстік Қазақстан облысында ауыр жүк көлігінің жүргізушісі 5 сағат бойы қар құрсауында болды. 57 жастағы Петр Шейфер Көкшетау қаласынан Қостанай қаласына жүк алу үшін бара жатқан. Алайда Көкалажар ауылынан 1 шақырым жерде көлік тізгініне ие бола алмай, жолдан шығып кеткен. Scania фурасының қарда батып тұрғаны туралы полицейлерге аудандық төтенше жағдайлар бөлімі хабарлады.

Оқиға орнына учаскелік инспектор Мақсат Киікбаев шықты. Жүргізушіге медициналық көмектің қажет емес екеніне көз жеткізген соң, ол жергілікті кәсіпорынның басшылығына хабарласып, көмек сұрады. «Тұқым» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің инженері Александр Рыжов пен бригадир Ринат Ақтаев жұмысшылар мен ауыр техника жіберді.

Қардың тереңдігі кей жерлерде бір метрден асты. Фураға жету үшін Manitou тракторы қалың қарды тазалап жол ашты. Бұл уақытта учаскелік инспектор мен ЖШС жұмысшылары күректермен жүк көлігінің дөңгелектерін айналасын қардан тазартты.

Кировец пен ДТ-75 фураны тіркеуге алып, әп сәтте сүйреп алып шықты. Құтқару операциясы үш сағаттан артық уақытқа созылды. Жүргізуші барлығына алғысын айтып, сапарын жалғастырды. Кешкі сағат алтыға таман полиция қызметкері жүргізушіге хабарласып, оның Қостанай қаласына аман-есен жеткенін білді.

– Солтүстік Қазақстан облысының құбылмалы ауа райында жол үстінде өте сақ болу қажет. Жылдамдық режимін сақтаңыздар. Синоптиктердің, ТЖ қызметінің ескертулеріне құлақ асқан жөн. Жолға шығарда ең қажет деген заттарды, байланыс құралдарын алып жүріңіздер, – дейді СҚО ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары Александр Розбах.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру