Қарағандыда нашақорлықтың алдын алу бойынша семинар өтті
Қарағандыда нашақорлықтың алдын алу бойынша семинар өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қарағандыда «Үміт» қоғамдық бірлестігінің кеңсесінде нашақорлықтың алдын алу мақсатында үкіметтік емес ұйымдармен бұрын жасалған ынтымақтастық туралы меморандум аясында семинар-кеңес өтті.
Іс-шараға Қарағанды облысы бойынша Есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасының қызметкерлері, «Үміт» ҚБ, «Доверие» ММ жетекшілері, Қарағанды облысының наркология бөлімшесінің, Қарағанды қаласының жастар ресурстық орталығының өкілдері қатысты.
Семинарда студенттер арасында нашақорлықтың алдын алу мәселелері қозғалды. Полиция кәмелетке толмағандарды, әсіресе колледж студенттерін есірткі сақтағаны үшін ұстау жағдайларының артқанын атап өтті. Осыған орай колледж студенттерін нашақорлыққа қарсы профилактикалық жұмыстармен барынша қамту мақсатында семинар-кеңеске қатысушылар оқу жылының соңына дейін бағдарлама әзірледі.
Онда студенттер арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту, сондай-ақ салауатты өмір салтын насихаттау, есірткіні пайдаланудан бас тарту және құқықтық саладағы білім деңгейін арттыру, балаларды волонтерлік қозғалысқа тарту бойынша түрлі акциялар мен іс-шараларға тарту қарастырылған. Бұл іс-шара 2018 жылдан бері «Үміт» ҚБ, Қарағанды қаласы әкімдігінің және облыс әкімдігінің белсенді қатысуымен жүзеге асырылып жатқан «Дені сау ұрпақ – салауатты ұлт» қоғамдық бастамасы аясында жүзеге асырылуда.
Полиция қызметкерлері барлық қамқор азаматтарға үндеу тастайды. Есірткі заттарды өткізу фактілері, оларды дайындайтын тұлғалар, сондай-ақ кәмелетке толмағандардың есірткінің заңсыз айналымымен байланысты қылмыстық әрекеттерге тартылу фактілері белгілі болса, бұл туралы полицияға хабарлау қажет. Сонымен қатар, олар «Үміт» үкіметтік емес ұйымының жедел желісіне хабарласа алады. Сондай-ақ, Instagram әлеуметтік желісінде antidrugkrg парақшасы ашылды, онда ақпарат қалдыруға немесе проблемалық сұрақтар қоюға да болады.