ШҚО-да ҚАЖ қызметкері жалғызбасты әкеге көмек көрсетті
ШҚО-да ҚАЖ қызметкері жалғызбасты әкеге көмек көрсетті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
ШҚО-да бос уақытында сурет салуды дағдыға айналдырған ҚАЖ қызметкері Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мекересі қарсаңында осы тақырып аясында сурет салып, сатылымға қойды. Суреттен түскен қаражат жалғызбасты әкеге көмек ретінде берілетін болады.
ОВ-156/14 мекемесінің қызметкері, тәрбие бөлімінің жасақ бастығы Әсет Смаилов жастайынан сурет салуды ұнатады. Апталап кешкілікте салған суреттерін сыйға тартуды әдетке айналдырған. Бұл жолы ол наурыз мерекесіне салған суретін сатып, түскен қаражатты мекеменің жеке құрамы өз қамқорлығына алған жалғызбасты әкеге ұсынуды ойластырған.
Дайын суретті сатуға мекеме аумағында кәсіпорыны бар жеке кәсіпкер Нұрбол Серікқалиев көмек көрсетіп, Семей қаласындағы дүкенінен саудалауды ұсынды.
– Мекеменің жеке құрам қызметкерлері өз қамқорлығына алған жалғызбасты әке Дулат қазір алды бес жастағы және құндақта қалған үш баланы жалғыз тәрбиелеп келеді. Әсеттің көмек бермек болған ниетін мекеменің офицерлер жиналысында барлық қызметкер құптап, өз тараптарынан қол ұшын беруге уәделескен. Қазіргі уақытта салынған сурет сатылу үшін дүкенге жеткізілген. Түскен қаражатты жалғызбасты әке Дулатқа табыс етеміз. Бұл суретке Әсет тек бос уақыты мен өнерін ғана салмай, жетім балаларға деген жан жылуын арнаған еді. Елімізде осындай атына заты сай ер-азаматтар көп болса екен деп тілеймін, – дейді кадр саясаты бөлім бастығы Дидар Жумаханова.