Павлодарлық полицейлер желілік ойындарға құмар жасөспірімдерді анықтады
Павлодарлық полицейлер желілік ойындарға құмар жасөспірімдерді анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Павлодар облысының полиция қызметкерлері кәмелетке толмағандарға қатысты қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында тұрақты негізде рейдтік іс-шаралар жүргізеді.
– Жыл басынан бері жасөспірімдердің түнгі уақытта ойын-сауық мекемелерінде және үйден тыс жерде болғаны үшін кәмелетке толмағандардың 324 заңды өкілі әкімшілік жауапкершілікке тартылды – деп хабарлады облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Осылайша, сағат 23.00-де Минин көшесіндегі компьютерлік клубтардың бірінде полиция желілік ойындарға құмар жасөспірімді анықтады.
Жасөспірімнің ата-анасы полиция бөліміне шақыртылды және осы бұзушылыққа сәйкес кәмелетке толмаған баланың әкесіне қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 442-бабы 1-бөлігі бойынша әкімшілік хаттама толтырылды.
Осындай жас ойыншыны полиция Лермонтов көшесіндегі плейстейшн-клубында да анықтады. Кәмелетке толмаған баланың ойынға беріліп кеткені сонша, полицейлердің келгенін де көрмей қалды. Ата-анасы осында екенін біледі ме деген сұраққа жасөспірім оны өздері осында жібергенін айтты.
Тәртіп сақшылары жас ойыншының анасын шақырып, оған кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз сағат 22.00-ден таңғы 06:00-ге дейін ойын-сауық мекемелерінде болуына тыйым салынғанын түсіндірді. Сондай-ақ, заңды өкіл ҚР ӘҚБК 442-бабы 1-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Сонымен қатар, екі жағдайда да кәмелетке толмағандардың осындай кеш уақытта болуына жол берген компьютерлік клубтардың иелеріне ҚР ӘҚБК 132-бабының 1-бөлігі бойынша хаттамалар жасалды.