Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Балалар ІІМ музейін аралады

Ведомство қызметкерлерінің балалары бір күнін ішкі істер министрлігінің музейінде өткізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Әр жастағы мектеп оқушылары құрылымның қалыптасу мен даму жолы туралы білді. Көне жәдігерлермен танысты. Бұл жолы олар әйнек сыртынан ғана қызықтаған жоқ, қолмен ұстап көрді. Өзге балалар секілді Нұрмұхамбеттің де назары бірден ескі фотоаппараттарға түсті. Ол бір сәт өзін фототілші сезінді.

«Менің папам – полиция қызметкері. Мен демалыста папам жұмыс істейтін жерге келдім. Мұнда музей бар. Мен балалармен бірге автоматтарды, бұрынғы формаларды және түрлі фотоаппараттарды көрдім», – деді Нұрмұхамбет Әрімжан.

Барыс жылын Мемлекет басшысы «Балалар жылы» деп жариялады. Тәртіп сақшыларының балалары бұған дейін де мұражайға келген. Қызметкерлер үнемі өткен күннің белгісін жас ұрпаққа танытып жүреді. «Балалар жылы» аясында жоспарлы жұмыс та еселенетін болады.

«Ішкі істер министрлігі каникул кезін пайдаланып, ведомство қызметкерлерінің балалары үшін осындай іс-шара ұйымдастырып жатыр. Олар экспонаттармен, Совет милиционерлері пайдаланған заттармен танысты. Балалар тарихпен таныссын деп, Қазақстан полициясының қызметін көрсетуге тырыстық», – деп атап өтті ҚР ІІМ музейінің меңгерушісі Алмагүл Сатмағамбетова.

Музей – ескерткіштерді сақтайтын ғимарат қана емес, патриотизмге, өр мінезділікке баулитын орын. Сондықтан алдағы уақытта балаларға тарихты таныстыру қызықты форматтарды қамтитын болады. Музейден соң оқушылар мәдени орталықтың дыбыс жазу студиясына барды. Музыкалық аспаптарды шертіп, ән салды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру