Павлодар облысында кәмелетке толмағандарға темекі сатқан 50 жеке кәсіпкер жазаға тартылды
Павлодар облысында кәмелетке толмағандарға темекі сатқан 50 жеке кәсіпкер жазаға тартылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қазақстан Республикасында 21 жасқа толмаған тұлғаларға ішімдік сатуға тыйым салынған. Алайда кейбір сатушылар жастардың рұқсат етілген жасын білместен ішімдік өнімдерін сатады. Сонымен қатар, темекі өнімдерін 18 жасқа толмаған тұлғаларға сатуға тыйым салынған.
Железин ауданының полицейлерімен рейдтік шаралар өткізу кезінде Қазақстан Республикасының алкоголь өнімдерін сату заңнамасы талаптарын бұзу фактісі анықталды.
Аудан ауылдарының бірінде дүкен сатушысы 21 жасқа толмаған тұлғаға екі банка сыра сатқан. Осы факт бойынша дүкен иесіне қатысты ҚР ӘҚБтК 200-бабы 1-бөлімі бойынша әкімшілік хаттама толтырылып, материал шешім қабылдау үшін аудандық сотқа жолданды. Айта кететін жайт, осы сынды рейдтік шаралар полиция қызметкерлерімен ұдайы түрде жүргізіліп отырады.
– Биыл Павлодар облысында 21 жасқа толмаған тұлғаға ішімдік сатқан 16 дүкен иесіне қатысты әкімшілік хаттамалар толтырылды. Бұдан басқа, 50 жеке кәсіпкер 18 жасқа толмаған тұлғаларға темекі өнімдерін сатқаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды, – деп хабарлады Павлодар облысы ПД баспасөз қызметі.