Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Жамбылдық полицейлер борышкерлерден 22 млн теңгеден астам қаржы өндіріп алды

Жамбылдық полицейлер борышкерлерден 22 млн теңгеден астам қаржы өндіріп алды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Жамбыл облысында «Борышкер-2022» жедел алдын алу іс-шарасы өткізілді, оның басты мақсаты – халықты салынған әкімшілік айыппұлдарды уақтылы өтеу қажеттілігі туралы хабардар ету.

Әкімшілік полиция қызметкерлері прокуратура өкілдері мен жеке сот орындаушыларын тарта отырып, әкімшілік айыппұлдарды өндіріп алуға бағытталған жұмыстар атқарды.

Жолдардағы рейдтер барысында полиция қызметкерлері арнайы автокөліктерде орнатылған тиісті мәліметтер базасы бойынша көлік жүргізушілерді тексерді. Көлік құралына қатысты салынған айыппұл анықталған жағдайда борышкердің автомобилі айып тұрағына қойылады.

– Үш күн ішінде мемлекет бюджетіне 22 млн 777 мың теңге өндірілді. Иелерінің төленбеген айыппұлдары бар 175 автокөлік мамандандырылған автотұраққа орналастырылды. Халық арасында әкімшілік айыппұлдарды төлеу тәсілдері туралы түсіндіру жұмыстары жүргізілді, 1293 үй мен борышкерлердің пәтерлерін аралау жүзеге асырылды, – деді Жамбыл облысы ПД Әкімшілік полиция басқармасының бастығы Жайдарбек Құттыбаев.

Іс-шара барысында полиция қызметкерлері облыс орталығында жылдамдықты асырғаны үшін «Автоураган» аппараттық-бағдарламалық кешенімен автоматты режимде тіркелген 5-тен астам төленбеген ұйғарымы бар екендігі анықталған Toyota көлігін тоқтатты. Борышкердің автокөлігі айыппұлдарды толық өтегенге дейін мамандандырылған тұраққа қойылды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру