Петропавлдық полицейлер балаларға кинология мен кавалерияға экскурсия ұйымдастырды
Петропавлдық полицейлер балаларға кинология мен кавалерияға экскурсия ұйымдастырды, -деп хабарлайды Polisia.kz.
Ювеналдық полицейлер Петропавл мектептерінің отыз оқушысына әсерлі іс-шара өткізді. Қалалық Полиция басқармасы басшылығының бастамасы бойынша облыстық полиция ведоствосының бөліністеріне жан-жақты бағдарламамен экскурсия ұйымдастырылды.
Іс-шара қалалық Полиция басқармасының ғимаратының қасында басталып, ПБ Жедел басқару орталығында жалғасты. Балалар қалада 400-ден астам заманауи бейне камералардың жұмыс істейтінін және оларды тәулік бойы тәртіп сақшылары бақылап отыратыны туралы білді. Көлік апаты, бұзақылық, абаттандыру ережелерін бұзу – бейне камералар құқық бұзушылардың жүрген жерін анықтауға, қоғамдық және жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Сондай-ақ, оқушылар облыстық полиция ғимаратындағы департамент музейіне барды. Музей қорында 4000-нан астам экспонат бар: сол кездегі халық сақшыларының таққан қызыл байлауыштарынан бастап қазіргі полицияның салтанатты нысанды киіміне дейінгі киім үлгілері, криминалдық қарудың арсеналы, қызметтік міндеттерін атқарған кезде қаза тапқан қызметкерлердің жеке заттары мен киімдері орналастырылған. Төрт залдың бірі соғыстан кейін ішкі істер органдарында қызмет еткен майдангерлер мен Ауғанстандағы соғыс ардагерлеріне арналған. Балалар әңгімені қызыға тыңдап, жаңа ақпаратпен танысты.
Экскурсия Полиция департаментінің Кинологиялық қызмет орталығында жалғастырылды. Қазіргі уақытта полиция ведомствосының балансында 49 қызметтік-іздестіру иті бар, оның 5-уі есірткі іздеумен, қалғаны – із алу және жарылғыш заттарды іздеумен айналысады. Балалар төрт аяқты көмекшілердің қылмыс ашуға, жаттықтыруға және дағдыларды үйренуге қатысуы туралы білді. Кездесу соңында полицейлер балаларды патрульдік полиция батальонының кавалериялық бөлімшесінің жұмысымен таныстырып, қызметтік жылқыларды мініп көруге рұқсат берді.
– 2022 жыл Мемлекет басшысымен «Балалар жылы» болып жарияланды. Осындай экскурсияларды балаларға жиі ұйымдастырып тұрамыз. Басты мақсат – оқушылардың құқықтық сауатын арттыру, отансүйгіштікке тәрбиелеу, кәмелетке толмағандармен жасалатын және оларға қатысты жасалатын қылмыстарды ескерту және жолын кесу. Балалардың көктемгі демалысының қызған шағы, сондықтан тәртіп сақшыларының басты назарында – ювеналдық полиция есебінде тұрған жасөспірімдердің бос уақыттарын өткізуі. Жыл басынан қалалық полицейлермен 21 кәмелетке толмаған есепке қойылды, Петропавл қ. Полиция басқармасында 40 кәмелетке толмаған жасөспірім есепте тұр, – деді Петропавл қалалық Полиция басқармасы ювеналдық полиция бөлімшесінің бастығы Эльмира Абушева.