Түркістандық полицейлер оқушыларға есірткінің зияны туралы айтты
Түркістандық полицейлер оқушыларға есірткінің зияны туралы айтты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Нашақорлық, есірткі деген ұғымдар бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің біріне айналған. Есірткі – адамды өзіне тәуелді ететін улы зат. Оның адам ағзасына тигізер зияны мен зардабы туралы көптеп айтылып жүр.
Осы орайда “Есірткі адам өміріне қауіпті” тақырыбында Түркістан облысының ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының ұйымдастыруымен оқушыларға бірқатар түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Яғни, полицейлердің бастамасымен Жетісай қаласының Д. Қонаев атындағы мектебінде 200-ге жуық оқушыны қатыстырып түрлі саланың мамандары бас қосты.
– Түсіндірме жүмысының негізгі мақсаты – дені сау ұрпақ тәрбиелеу, есірткінің зияны туралы жастарға жеткізу. Кездесуде есірткінің адам өміріне, денсаулыққа қаншалықты зиян екендігі, нашақорлықтың түбі – қорлық екендігі айтылды. “Болашақ жастардың қолында десек, әрбір баланың өмірі біз үшін маңызды. Сондықтан ғасыр дертінің қаупі туралы арнайы дәрістер барша жастарға үйретіліп, жиі айтылатын болады. Бұл бағыттағы жұмыстар одан әрі де жалғасын табады, – деді Түркістан облысы ПД ЕҚҚІҚБ АМІЖ жедел уәкілі Айгүл Құдайбергенова.
Кездесу кезінде оқушылар өздерінің сұрақтарын қойып, полиция қызметкерлерінен жауаптар алды. Аталған семинар сабақтың соңында есірткі заттарының зияны жайлы бейнероликтер көрсетілді.