Мақтааралда тоқтап тұру ережесін бұзған жүргізушілерге айыппұл салынды
Мақтааралда тоқтап тұру ережесін бұзған жүргізушілерге айыппұл салынды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Түркістан облысының полицейлері әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізуді күн тәртібінен түсірген емес. Осындай кезекті тексеру кезінде желі қолданушыларының бірі Мақтаарал ауданының Мырзакент қаласы көшелерінің бірінде тоқтауға рұқсат жоқ жол белгісінің тұрғанына қарамастан, жолдың екі бетінде де көліктерін қаз-қатар тізіп қойған жүргізушілерге қатысты бейнежазбаны анықтады.
Аталған жазба бойынша мақтааралдық полицейлер тез арада іске кірісті. Жол қозғалысы ережесін өрескел бұзып, өзге де көліктердің жүруіне кедергі келтірген, тоқтауға болмайтын орынға көлігін қойғандарды анықтау жұмыстарын атқарды.
Нәтижесінде, тоқтауға рұқсат етілмеген жерге көлігін қойған жүргізушінің үшеуі анықталып, жауапкершілікке тартылды. Яғни, бейнежазбадағы Mazda 323, Daewoo Nexia пен AUDI 100 көліктердің жүргізушілеріне ҚР ӘҚБтК-нің 597-бабы 1-бөлігімен (Көлiк құралдарын тоқтату немесе тоқтап тұру қағидаларын бұзу) әкімшілік хаттама толтырылып, айыппұл салынды. Қазіргі таңда бейнежазбадағы қалған көліктерді анықтап, әкімшілік шарасын көру жұмыстары жүргізілуде.