Сауранда ұрылар құрылыс мекемесіне 5 млн теңгеден астам шығын келтірді
Сауранда ұрылар құрылыс мекемесіне бес млн теңгеден астам шығын келтірді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Сауран АПБ-ға жергілікті тұрғын, құрылыс жұмыстарын жүргізумен айналысатын мекеме басшысы арызданды. Онда түнгі уақытта белгісіз біреулер аулада тұрған 20 полиэтиленді пленка орамаларын, екі КамАЗ жүк көлігінің доңғалақтары мен генераторды жымқырып кеткені көрсетілген.
Ақпарат алысымен оқиға орнына тез арада шыққан учаскелік полицей Нұрбол Әбдірахман бірден ПБ-ға хабар беріп, жедел-тергеу тобын шақырды. Жәбірленушіге келтірілген шығын көлемі бес млн теңгеден асады.
Полиция қызметкерлері аталған жайтты ҚР ҚК-нің 188-бабы (Ұрлық) бойынша СДТБТ-ға тіркеді. Орын алған ұрлық қылмысын ашып, күдіктіні анықтау мақсатында учаскелік полиция инспекторы Нұрбол Әбдірахман қажетті іздестіру шараларын атқарды.
Полицейлер көрген-білгендерден жауап алып, жақын төңіректі мұқият қарап шықты. Осылайша тәртіп сақшылары жүргізген жүйелі жұмыстың нәтижесінде, небәрі тәулік ішінде ұрлық қылмысын «ізін суытпай» ашты.
Яғни, бөтеннің мүлкін ұрлады деген күдікпен екі азамат ұсталды. Анықталғандай, күдікті екеу жәбірленушінің жұмысшылары болып шықты. Олар түнгі уақытта ғимараттың ішінде ешкім жоғын пайдаланып, бағалы құрылысқа қажетті заттарды өздері мініп келген ВАЗ-2107 көлігіне артып әкеткен. Одан кейін ұрланған затты өзге біреуге сатып, ақшаны қажеттіліктеріне жұмсаған.