Түркістан облысында тергеушілер күніне орай 50-ге жуық полицей марапатталды
Түркістан облысында тергеушілер күніне орай 50-ге жуық полицей марапатталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Бүгін Түркістан облысы Полиция департаментінің мәжіліс залында 6 сәуір – тергеу органдарының қызметкерлері күніне орай салтанатты шара өтті. Іс-шарада жыл бойы өздерінің қызметтік міндеттерін адал атқарып, жоғары көрсеткіштерге қол жеткізген тергеу саласының кіл мықтылары марапатталды.
– Құрметті тергеушілер, сіздерді кәсіби мерекелеріңізбен құттықтаймын! Тергеу саласы – ішкі істер органындағы ең маңызды, әрі асқан жауапкершілікті талап ететін сала. Ал сіздер осы сенімді ақтап, жүйелі жұмыс жүргізіп келесіздер. Яғни, арыз-шағым түскен сәттен бастап, қылмыстық істі соңына дейін жеткізу үшін аянбайсыздар. Қылмыскерлерді құрықтауда мінсіз қызмет атқарасыздар. Қылмыстың ақ-қарасын ажыратып, заңды шешім қабылдайсыздар. Соның нәтижесінде, бүгінде бірқатар мықты тергеушілер әділдіктің ақ туын көтеріп жүргені үшін жәбірленушілердің алғысын алып отыр. Сондықтан да ішкі істер саласын өздеріңіздей кәсіби біліктілігі мол тергеушілерсіз елестету мүмкін емес. Ал бұл салада қызмет етіп жүрген нәзік жандылардың орны тіптен бөлек. Олар қылмыстардың ашылуында ерлермен бірдей иық тіресіп еңбек етуде. Сіздерге тілерім, барлық істеріңіз сәтті аяқталып, қылмыстар дер кезінде ашылсын. Отбасыларыңыз аман болсын, – деп құттықтау сөзін арнады Түркістан облысы Полиция департаментінің бастығы Мұрат Қабденов.
Одан әрі мерекелік шара марапаттау рәсімімен жалғасты. Өздерінің қызметтік міндеттерін мінсіз атқарып, жоғары көрсеткіштерге қол жеткізгені үшін ҚР ІІМ грамотасымен Талғат Абуов, Жалғасхан Оразбаев, Динара Сейдалиева, Ержан Зияханов марапатталды.
Сондай-ақ, ҚР ІІМ алғыс хатымен Мадина Тастанбекова, Жайық Айғазиев, Хикматилло Әлімқұлов марапатталып, осы бұйрықпен үш қызметкерге алғыс жарияланды. Ал Түркістан облысы ПД-ның грамотасы, алғыс хатымен 26 полиция қызметкері марапатталды. Осы бұйрықтың негізінде 12 қызметкерге алғыс жарияланды.
– Тергеушілерді кәсіби мерекелерімен құттықтап жатқаныңызға үлкен рақмет! Құрметті әріптестер, сіздер осы жылдың үш айында жоғарғы дәрежеде қызмет еттіңіздер. Сол үшін алғыс білдіремін. Алған грамоталарыңыз позитивті серпіліс беріп, алдағы уақытта да биіктен көрінуге сеп болсын, – деді Түркістан облысы ПД Тергеу басқармасының бастығы Нұрмахан Жалғасов.
Өз кезегінде марапатталғандар еңбектері еленгені үшін алғыс айтып, Қазақстан Республикасына қызмет ететіндіктерін жеткізді.